Түркістан облысында көлігінің терезесін күңгірттеген 5 мың жүргізуші анықталды
Түркістан облысында жыл басынан бері көлігінің терезесін күңгірттеген бес мың жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тәулік бойы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Соның ішінде күнделікті атқарылған рейдтік-профилактикалық іс-шара барысында 9 айдың ішінде 590-баптың 5-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 5315 деректі анықтаған.
Негізінде жүргізушілер арасында кең таралған жол қозғалысы ережесін бұзудың бір түрі – автокөліктің терезесін күңгірттеу. Мәселен, патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғалымжан Жақсылықов республикалық маңызы бар Алматы – Ташкент – Термез тас жолында патрульдеу кезінде автокөлігінің терезелерін күңгірттеп алған жүргізушіні тоқтатады.
Toyota Camry көлігінің жүргізушісі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оның құжаттарын тексеріп, күңгірттеп алу заңға қайшы екені түсіндірілді. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) хаттама толтырды.
Осыдан соң полицей жүргізушінің терезесіндегі күңгірттелген пленканы алып тастауын қадағалап, қандай да бір орын алуы мүмкін жол апатының алдын алды. Жалпы, облыс полицейлері мұндай құқық бұзушылық жайттарын анықтау және жолын кесуге бағытталған жұмысты белсенді жалғастыруда.