Мақтааралда ер адам көршісінің құрылысқа қажетті құралдарын ұрлап кеткен
Мақтааралда ер адам көршісінің құрылысқа қажетті құралдарын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, сарайында тұрған төрт отпен күйдіргіш құралын, үш электроматор мен бір болгаркасын жасырын түрде ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі – 400 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталды. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты.
Анықталғандай, күдікті күндізгі 11:30 шамасында көршісінің үйіне ұрлыққа түскен. Ол есікті күшпен ашып, қоймаға кіріп, құрылысқа қажетті заттарды ұрлаған. Күдікті оңай жолмен келген заттарды сатып үлгермеген. Айғақты заттар ұрланған күдіктінің үйінен табылып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.