Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан екеу 5 жылға сотталды

Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан екеу 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Екі дос жайылымда қараусыз жүрген, қоршауы әлсіз қора-жайда тұрған төрт түлікті үптеп кетіп, оңай олжалы болып жүрген. Дегенмен қылмыстың өтеуі – жаза екендігі баршаға аян. Соңында мал ұрлығымен айналысып жүрген екеу Түркістан облысы полицейлерінің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде құрықталды. Екі жас жігітке қатысты сот үкімі шығып, тиісті жаза қолданылды.

Аталған мал ұрлығы жайлы тарқатып айтар болсақ. Созақ АПБ-ға 2022 жылдың қаңтар айында жергілікті тұрғын арызданып, құны 45 мың теңге тұратын қошқарын белгісіз біреулер жымқырып кеткенін жеткізген. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді.

Орын алған мал ұрлығы қылмысын ашып, күдіктілерді ұстау мақсатында созақтық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды түгел қарап шықты. Мал базарлары мен көліктер мұқият тексерілді. Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде, жинақталған ақпарат көздері арқылы Созақ АПБ екі күдіктінің ізіне түсті. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті екеу көше бойында жайылып жүрген қошқарды өздеріне тиесілі ВАЗ-2107 көліктерінің жүк салғышына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан ұрланған өзгенің малын, басқа біреуге 30 мың теңгеге сатып жіберген.

Тәртіп сақшыларымен тексеру кезінде күдікті жас жігіттердің бұдан алдын да мал ұрлығын жасап, жалпы 7 тұрғынның малын жымқырғаны белгілі болды. Жалпы жәбірленушілерден бір бас ірі қара, алты бас ұсақ малын ұрлап, бір миллион теңгеден астам шығын келтірген. Ұрланған малдың үшеуі жайылымнан, төртеуі қорадан кеткен. Ұрылар үй жануарларын сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап үлгерген.

Осылайша іс толығымен аяқталып, құжаттар жинақталып, айыптау актісімен сотқа жолданды. Нәтижесінде, Созақ аудандық сотының үкімімен 27 және 25 жастағы жігіттерге 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру