Түркістан облысында мас жүргізушілер анықталды
Түркістан облысында мас күйде көлік басқарған екі жүргізуші жеті жыл көлік тізгіндей алмайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері кешкі уақытта жол ережелерін бұзып келе жатқан Opel Vectra көлігін тоқтатты. Тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйіне күдіктеніп, медициналық зерттеуден өткізді. Сараптама қорытындысы бойынша жүргізушінің мас екені анықталды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары дәл осы күні кешкі сағат 17:30 шамасында Volkswagen Golf көлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның іс-қимылынан мас халде екені байқалды. Сараптамада мұны растады.
Полиция қызметкерлері аталған жайттарды ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеді.
Жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сот кінәлі деп танып, екі көлік иесі де 7 жылға автокөлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға үкім етті.