Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында пәтер ұрысы 4 жылға сотталды

Түркістан облысында пәтер ұрысы төрт жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Пәтер ұрлығының алдын алу мен ұрлықты болдырмау мақсатында полицейлер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Азаматтарға үйлерін қараусыз қалдырмауға, мүмкіндік болса аулаларына бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Десек те, осыған қарамастан пәтер ұрлығы жиі орын алып жатады.

Мәселен, Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, үйіндегі құндыз бас киімі мен “HP” маркалы ноутбугын белгісіз біреу жымқырып кеткенін жеткізген. Шығын көлемі 200 мың теңге. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеріп, дәлелдерді жинақтады.

Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы учаскелік полиция қызметкері Батыр Орынбеков, күдікті егде жастағы азаматты ұрлық болған күннің ертесіне, яғни бас киімді сатып жіберіп, ноутбукты сату мақсатында қолына ұстап жүрген жерінен анықтап, ұстады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Күдікті түнгі уақытта ауласы қоршалмаған үйге заңсыз кіріп, қолына ілінген затты ұрлап кеткенін мойындады. Тергеу амалдары Сарыағаш АПБ аға тергеушісі Тимур Момбековпен жүргізілді. Бірнеше қылмыстық істердің ақ-қарасын ажыратып, соңына жеткізіп жүрген полицей, бұл жолы да нақты дәлелдемелерді жинақтап, істі айыптау актісімен сотқа жіберді.

Соттың үкімімен пәтер ұрлығын жасаған 55 жастағы ер адам ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру