Түркістан облысында полицейлер тұрғынның жоғалған сиырын тауып берді
Түркістан облысында полицейлер тұрғынның жоғалған сиырын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Шақпақ ауылының тұрғыны шағым түсіріп, көмек сұрайды. Арызданушы жігіттің айтуынша, оның ауласында бос жүрген бір бас сиыры белгісіз бағытқа шығып кетіп, жоқ болған. Өзі төрт күн бойы ары-бері іздеп таба алмағаннан кейін, полицейлерден жәрдем етуін өтінеді.
Хабар алысымен тәжірибелі тәртіп сақшылары әрекет етіп, іздеуге кіріседі. Куәгерлерден жауап алып, жақын аумақтарды аралайды. Жол талғамайтын қызметтік көлікпен жан-жақты мұқият қарап шығады. Соның нәтижесінде тәртіп сақшылары тұрғынның жоғалған сиырын Шақпақ ауылының батыс беткейінде 50 шақырым қашықтықтағы жыңғылдың ортасында жайылымда жүрген жерінен табады. Содан ірі-қара малды заңды иесіне қайтарады.
Жоғалған сиырдың егесі Ш.Сейтметов өз сөзінде:
– Сиырымды жоғалтып, өзім төрт тәулік бойы іздеп таба алмаған соң, полицейлерге хабарластым. Тәртіп сақшыларына рақмет! Таңертең хабарлап едім, міне, кешкісін тауып беріп отыр. Бәйдібектік тәртіп сақшыларына алғысымды айтамын! -деп, шынайы ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде облыс полицейлері қора-жайларды мықтап бекітіп, мал жайылымында малдарды қараусыз қалдырмауға және ұқыпты болуға шақырады. Сондай-ақ төрт түліктерді уақытылы таңбалап, енін салдыру қажет. Мал қораларды да жақсылап қоршап, бекітіп, жарықтандырған жөн. Үй жануарлары жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай полиция бөліміне тез арада хабарласыңыздар. Бұл малыңыздың ерте табылуына, қылмыс болса, ізін суытпай ашуға ықпал етпек.