Түркістан облысында пробация есебінде тұрған 14 сотталған жұмыспен қамтылмақ
Сарыағаш ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған 14 сотталған алдағы уақытта жұмысқа ораналасып отбасына қамқорлық танытпақ, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы КММ-нің ұйымдастыруымен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» атты тақырыпта аудандық және ауылдық аймақ тұрғындарына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Атап өтер болсақ, мүгедектігі бар, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және ата-анасынан кәмлеттік жасқа толғанға дейін айрылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарға сондай-ақ, жалпы жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 9 жұмыс беруші мекеме 69 бос жұмыс орнын ұсынды.
Аталған іс-шараға Сарыағаш аудандық пробация қызметі есебіндегі он төрт сотталған тұлғалар қатыстырылып, жұмысқа орналасуға ниет білдірген сотталғандар жұмыс берушілерден кеңес алып, ұсынылған бос жұмыс орындары және мамандықтар бойынша өздеріне қажетті мәліметтер алды.
Бұл жәрмеңкенің басты мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамту.
Жалпы шараға қатысқан пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға жұмыс берушілер бірнеше тұрақты жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге қатысқан он төрт соталған азамат жұмысқа орналасу үшін жолдама алды. Олар электронды үкіметтегі Enbek.kz сайты арқылы жұмыс беруші мекеменің бос жұмыс орнына өтініш қалдырады.
– Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар жәрмеңке барысында ұсынылған бос жұмыс орындарынан өздеріне лайықты жұмысты қарап, сайт арқылы өтініш қалдыратын болады. Жалпы, жұмыспен қамту орталығымен бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде біршама сотталған азаматтар жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, өздерінің шағын бизнесін ашуды жоспарлап жүргендер де мамандардан кеңес алып, бизнес ашудың жолымен танысты. Алдағы уақытта жұмысқа орналысып отбасыларына материалдық көмек көрсете алады. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсатымыздың бірі, өмірде қателік жасап, шалыс басқан жандарды қоғамға бейімдеу. Сондай-ақ, жұмыссыз үйде бос жатпай, отбасын асырауға да мүмкіндігі бар. Қылмысқа бой алдырған адамдардың басым бөлігі, жұмыссыздықтың салдарынан барады. Жұмыссыз үйде отырған адам ақша табу үшін ұрлыққа, тонауға баратыны айдан анық. Осындай қылмыстарды болдырмау үшін сотталған азаматтарды жұмысқа орналастырып, оларды өзіміз бақылап отырамыз, – деді Сарыағаш аудандық пробация қызметінің бастығы әділет капитаны Асхат Байтен.
Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар жұмыс берушілердің ұсынған жұмыстарына орналасуға ниет білдіріп отыр.
– Мен Сарыағаш аудандық пробация қызметінің есебіне тұрғаныма көп болған жоқ. Әрине, өзімнің қателігімді түсінемін. Пробация қызметіне тіркеуге тұрған күні инспекторым жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұрғызды. Міне бүгін «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінде мамандардан кеңес алып, «Сарыағаш-Сервис» мекемесіне жұмысшы болып жұмысқа жолданып отырмын. Осындай қысқа уақытта жұмысқа орналасамын деп ойлаған жоқ едім. Адал еңбегіммен отбасымды асырауыма мүмкіндік берген пробация қызметінің қызметкерлеріне алғыс айтамын. Алдағы уақытта құқық бұзбауға тырысамын, – деді пробация қызметінің есебінде тұрған Хасан есімді азамат.