Түркістан облысында пробация қызметінде есепте тұрған жеке кәсіпкер балаларға мереке ұйымдастырды
Түркістан облысында пробация қызметінде есепте тұрған жеке кәсіпкер балаларға мереке ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ҚАЖ департаментіне қарасты Түркістан қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған жеке кәсіпкердің бірі Мәди есімді азамат өзге де пробация есебінде тұрған сотталушылардың балаларын Жеңіс саябағына алып барды. Балалардың мерекесінде оларға қуаныш сыйлаған кәсіпкер сыйлақтар да таратты. Саябақта балалар түрлі ойындар мен ойын алаңдарына кірді.
– Біздің пробация қызметінің есебінде тұрған сотталушы азаматтардың арасында жеке кәсіпкерлер де бар. Олар жағдайы төмен отбасыларға көмегін көрсетіп келеді. Солардың бірі Мәди есімді азамат. Бүгінгі балаларды қорғау мерекесінде оларды саябаққа алып баруға ұсыныс білдірді. Әрине, осындай көмек қолын созған сотталушылар өзге пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға үлгі болады деп сенеміз, – деді Түркістан қалалық пробация қызметінің бастығы Нұрбол Мамырханов.
– Балалар – біздің басты қонағымыз. Маңызды шара – балалар мерекесі. Біз үшін маңыздысы – олардың көңіл-күйінің көтеріңкі болуы. Балаларға жылдың әр күнінде қорған болуымыз керек. Бірақ дәл осы күні олар ерекше мейірімді күтеді, – деді пробация қызметі есебенде тұрған жеке кәсіпкер Мәди.