Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында тұрғындардың малын ұрлап, 25 миллион теңге шығын келтірген 5 адам сотталды

Түркістан облысында тұрғындардың малын ұрлап, 25 миллион теңге шығын келтірген бес адам сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш ауданында мал ұрлаумен айналысқан ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш АПБ-ға бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, жайылымда жүрген 24 бас жылқы мен 15 сиырды белгісіз біреулердің ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 25 миллион теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алды.

Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына барып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар күдіктілердің жеке басы анықталды. Күдікті ретінде танылған бес жергілікті тұрғын анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Белгілі болғандай күдікті адамдар тобы өзара сөзбайласумен ұрлық жасаған. Яғни күдіктілер ұрлық жасайтын жерді белгілеп, арнайы көлік жалдап, ұрланған малдарды тиеген. Осылайша олар арам ойын іске асырған.

Полицейлер істі толығымен аяқтап, айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті деп танылған бес адамның екеуі жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылса, ал қалған үш адамға жеті жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру