Түркістан облысында тұрғынның көлігінен 2,5 келі марихуана тәркіленді
Түркістан облысында тұрғынның көлігінен 2,5 келі марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі құралдарын сақтап, тасымалдау дерегі бойынша күдіктілерді ұстады.
Ақпарат бойынша іске кіріскен жедел уәкілдер іздестіру шаралары кезінде Қазығұрт ауданы аумағындағы Жібек жолы – Шымкент тас жолы бойында күмәнді Daewoo Nexia автокөлікті тоқтатты. Содан күдіктілердің автокөлігіне тінту жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде өсімдік тектес есірткі заттары бар полиэтилен пакет пен қағаз түйіншекті тапты.
Тәртіп сақшылары тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Есірткі сақтау, тасымалдау дерегі бойынша күдікті ретінде көлік жүргізушісі мен жолаушысы, яғни бұрын сотты болған Сарыағаш ауданының екі тұрғынын ұстады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді. Зерттеу қорытындысы көліктен алынған есірткінің 2,5 келі болатын марихуана екенін растады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.