Түркістан облысында учаскелік полицей тұрғынның жоғалған сиырын табуға көмектесті
Түркістан облысында учаскелік полицей тұрғынның жоғалған сиырын табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-нің аға учаскелік полиция инспекторы Ердәулет Пернешовке жергілікті тұрғын хабарласып, ауласына бөтен сиыр кіріп кеткенін хабарлайды. Өз кезегінде полицей, иесі табылғанша ірі қара малды үйіңізге байлап қойыңыз деп кеңес береді.
Осы аралықта арадан 20 күн уақыт өткенде Келес АПБ кезекші бөліміне ер адам хабарласып, сиырын таппай жүргенін жеткізеді. Оның айтуынша, жайылымда жүрген сиыры ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Орын алған жағдай бойынша бірден әрекет еткен полицейлер тұрғынның жоғалтқан сиыры өзге үйде тұрған сиыр болуы мүмкін екенін алға тартып, бірден сол ауылға аттанады.
Арасы 20 шақырым қашықтықты құрайтын көрші ауылдағы тұрғынның үйінде тұрған сиыр сақшылардан көмек сұраған азаматтың сиыры болып шықты. Ірі қара мал заңды иесіне қайтарылды. Жайылымға малын қараусыз жіберіп, соңында айырылып қала жаздаған тұрғын, полицейлерге, оның ішінде учаскелік полиция инспекторы Ердәулетке шынайы ризашылығын жеткізді.
– Бізде отбасымызбен іздедік, ой-щұқырды, тау-тасты. Алайда ешқандай сүйіншілейтін із таппадық. Болмағасын, полицейлерге хабарласып, мінекей сиырымды қайта тауып жатырмыз. Үлкен рақмет!, – деп тұрғын ағынан жарылды.
Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.