Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында заңсыз қиыршық тас өндірген үш тұрғынға айыппұл салынды

Түркістан облысында заңсыз қиыршық тас өндірген үш тұрғынға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күнделікті қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын, қауіпсіздікті сақтаумен қатар, табиғатқа залал келтіріп, тау-тасты заңсыз пайдаланатындарды анықтауда жұмыс жүргізіп келеді.

Мәселен полиция қызметкерлері рейд жүргізу кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану бойынша құқық бұзушы үш тұрғынды анықтады. Олардан 2 жүк көлігі мен 1 қазу техникасы алынды.

Аталған дерек ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабы (Жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын бұзу) бойынша тіркелді.

Белгілі болғандай, жергілікті тұрғындар шағал қиыршық тастарды сату мақсатында КамАЗ жүк көліктеріне артып, әрі қарай алып кетпек болған. Алайда, полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында табиғатқа зиян келтіре алмады. Заң бұзушылық дер кезінде тоқтатылды.

Ал оқиға орнынан қашып кетіп, қайта ұсталған құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 1-бөлігімен (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) айыппұл салынды.

Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты жүк көліктері айыптұраққа қойылды.

Жауап қалдыру