Түркістан облысында заңсыз құм-тас өндірудің 36 жайты тіркелді
Түркістан облысында заңсыз құм-тас өндірудің 36 жайты тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында табиғат қорғау заңнамаларын бұзуды анықтау, алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында арнайы мобильдік топтар қызмет етуде. Олар облыс аумағына іссапарларға шығып, мүдделі мекеме қызметкерлерімен бірлескен рейдтік шараларды ұйымдастыруда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау инпспекторлары жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 36 жайтын анықтады.
Аталған жайттар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабымен (Жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын бұзу) тиісті құжаттар жинақталып, заңды шара көрілу үшін Түркістан облыстық Экология департаментіне жолданған.
Полицейлермен осы жайттарға байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде, айғақты зат ретінде 61 бірлік техника, оның ішінде 14 жүк арту техникасы және 47 жүк тасу көліктері алынды. Яғни заңды шешім қабылданғанша аталған техникалар айыптұраққа қойылды.
Мәселен, ағымдағы жыл басынан бастап саралайтын болсақ, бүгінгі күнге дейін Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарының өзінде заңсыз құм-тас өндірудің 11 дерегі анықталды. Сондай-ақ Кентау қаласының аумағында құм-тас қоспасын заңсыз қазудың екі дерегі расталып, заңды шешім қабылдау үшін құжаттар тиісті орынға жолданған.
Жалпы жер қойнауына қатысты орын алған құқық бұзушылықтарға жасалған сараптама көрсеткендей, облыс аумағында негізінен Сайрам ауданы Ақсу өзені бойында, Кентау қаласы аумағы мен Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарының өзен бойынан құм-тас қоспасын заңсыз қазу деректері жиі орын алады. Сондықтан полицейлер тарапынан қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырған жер қойнауын заңсыз пайдалануды тоқтату мен болдырмау, заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында жедел алдын алу шаралары жүйелі түрде өткізіліп, іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырыла беретін болмақ.
Түркістан облысы табиғатты қорғау инспекторларының айтуынша, облыс аумағындағы кейбір жерлерде заңсыз құм-тас қоспасын өндіретін карьерлердің аздығынан және олардың қолжетімді бағада болмауынан жоғары сұранысқа ие болып, халық арасында заңсыз құм-тас өндіру деректері пайда болуда. Десе де полиция қызметкерлері жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын айтып, заңсыздыққа бармауға және жол бермеуге шақырады.