Түркістан облысында заңсыз тас тасыған тұрғын полицейге қарсылық көрсетті
Түркістан облысында заңсыз тас тасыған тұрғын полицейге қарсылық көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ-ның кезекші бөліміне өзен бойында жер қойнауын заңсыз пайдаланып, тас алып жатқаны бойынша хабарлама келіп түсті. Ақпарат алған бойда оқиға орнына Бәйдібек АПБ-ның әкімшілік полиция инспекторы Серік Қарабаев жетті.
Оқиға орнына жеткен полицей ZEL-50 маркалы жүк тиегішімен жер қойнауынан тас алып жатқанын көреді. Тәртіп сақшысы заң аясында өзін таныстырып, бұл әрекеті заңға қайшы екенін ескертіп, тоқтатуын талап етеді. Ал жүргізуші болса, билік өкілінің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсетіп, оқиға орнынан тұрғылықты мекенжайына кетіп қалған. Содан артынан қуып жеткен полицей ер адамды үйінің ауласына кіріп жатқан кезде тоқтатады. Полиция қызметкері өзінің қандай негізбен келгенін түсіндіріп, міндетін атқарғанына қарамастан, тұрғын дөрекі мінез танытады. Билік өкіліне қарсы негізсіз айыптаулар тағып, аузына келген былапыт сөздермен қорлай бастайды. Тұрғын өзінің теріс қылығын көрсетіп, полиция қызметкеріне күш қолданып, түрлі дене жарақатын салады.
Бұл жағдайлардың барлығы полицейдің бейнежетонына түсірілген. Осыған байланысты құқық бұзушы ер адам АПБ-ға жеткізілді. Белгілі болғандай, ол жергілікті тұрғын болып шықты. Сондай-ақ жүргізушінің жөнсіз әрекеті ҚР ҚК-нің 378-бабы 1-бөлігі (Билік өкілін қорлау) бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Іс бойынша жәбірленуші полицейге қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Ал заңсыз тас тасымалдауға қатысты жинақталған іс-құжаттар құқық бұзушыны көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Экология департаментіне жолданды