Түркістан облысында жаппай тәртіпсіздікпен байланысты 12 қылмыс тіркелді
Осы күндері Түркістан облысында аумағында Алматы мен Шымкент қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздікпен байланысты 12 қылмыс тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 адам қамауға алынды. Олардан айғақты зат ретінде қару мен тоналған мүліктер тәркіленді.
Яғни, Жетісай ауданындағы блок бекетте полиция қызметкерлері Lada автокөлігін тоқтатты. Полицейлердің жедел-тергеу тобы үш жолаушыдан түрлі үлгідегі 11 ұялы телефонды, екі ноутбук пен зарядтау құрылғысын тауып алып, тәркіледі. Ұсталған жастардың Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары екені анықталды.
5 қаңтар күні кешқұрым уақытта олар Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде тұрмыстық техниканы сататын дүкендердің бірін тонап кеткен. Сонымен қатар, аталған қылмысқа қатысы бар Түркістан облысының тағы екі тұрғыны аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Ұсталғандардың барлығы қамауда.
Қазіргі уақытта тонаушыларға қатысты ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары аумақта төтенше жағдай енгізілгенін және коменданттық сағат кешкі 23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін жұмыс істейтінін ескертеді.
Сонымен қатар тұрғындар мен қонақтарға қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызды екенін және өздерімен бірге жеке басын растайтын құжат болуы керектігін айтады.