Түркістан облысында жоғалған 4 жасар бала табылды
Түркістан облысында жоғалған төрт жасар бала табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап келген. Ол өзінің төрт жасар ұлының үй ауласында ойнап жүріп, шығып кеткенін айтқан. Хабарды алған Отырар ауданы ПБ-ның Жергілікті полиция бөлімшесінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары жоғалған баланы іздеуге кірісті.
Тәртіп сақшылары жан-жақты түгел шолып шығып, жасөспірім баланың жүруі мүмкін жерлердің барлығын мұқият тексерді. Полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде төрт жасар бала көрші көшеде ойнап жүрген жерінен табылды.
– Полиция қызметкерлеріне рақмет. 30 минуттың ішінде жоғалған баламды тауып берді. Істеріңіз алға баса берсін, – деп отырарлық сақшылардың жеделдігіне риза болған әкесі өз алғысын жеткізді.
Осы тұста Түркістан облысының полицейлері ата-аналарды балаларына сақ болуға шақырады. Жасөспірімдерді үйде жалғыз қалдырмау керектігін ескертеді. Сонымен қатар баланың тілі шыға салысымен аты-жөнін жаттатып, тұрғылықты мекенжайын үйретуге кеңес береді.