Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да шу шығарған мас тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны полиция қызметкеріне тіл тигізгені үшін жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында Қ.Қайсенов ауылының тұрғыны 20 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды. Ер адам арақ-шарап ішіп, өтіп бара жатқан көршілеріне әдепсіз сөздер айтып, тіл тигізген.

Көршілері учаскелік полиция қызметкеріне хабарласып, көршісінің кіреберісте алкогольдік ішімдік ішіп отырғанын және олардың ескертулеріне мән бермей, агрессия көрсеткеннін айтып шағымданған.

Хабарламаны алған учаскелік полиция инспекторы құқық бұзушыны тынышталдыруға тырысқанымен, мас жігіт заңсыз әрекетін тоқтатудан үзілді-кесілді бас тартты.

Бұл ретте барлық әрекеттер бейнекамераға түсіріліп, сотта дәлел болған. Әңгімелесу барысында 30 жастағы ер адам мас күйінде полиция қызметкерін әдейі балағаттады. Сот шешімімен ол 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. ⠀

– Сотталған пробация қызметінің есебіне алынып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті атқарушы органға жіберілді. Енді ер адам күніне төрт сағат бойы қала көшелеріндегі қоқыс жәшіктерін тазалап, қарды тазалайтын болады, – деді Өскемен қаласы бойынша пробация қызметінің басшысы Мақсат Манарбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру