Түркістан облысында жоғалып кеткен жылқылар көрші ауылдан табылды
Түркістан облысы полицейлері тұрғынның жоғалған бір үйір жылқысын Жамбыл облысынан тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөлімшесіне таңғы сағат 6:30-дар шамасында жергілікті тұрғын арызданған. Ер адам өз арызында, ауыл сыртында жайылып жүрген 32 бас бір үйір жылқыларын жоғалтып алып, бес күннен бері өз бетінше іздеп таба алмай жүргенін хабарлаған. Осылайша полицейлерден көмек сұрады.
Аталған жайт бойынша Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тез арада әрекетке кірісті. 20-ға жуық полицейлер, тау-таста жүре алатын төрт дана «Нива» көліктеріне отырып, жылқыларды іздестірді. Мобильді топтарға бөлініп, үй жануарларының барады-ау деген аймақтарының барлығы тексерілді. Жол бойы көрген-білгендерден сұрастырылды.
Полицейлердің осындай жүйелі іс-шараларының нәтижесінде 12 сағат ішінде тұрғынның жоғалған 32 бас жылқылары 100 шақырым қашықтықтағы Жамбыл облысына қарасты ауылдың бірінен, жайылып жүрген жерінен табылды.
Табылған бір үйір жылқылар заңды егесіне қайтарылды. Өз кезегінде жоғалған малы түгелімен қайтарылған тұрғын полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.
– Өзім бес күн іздеп таба алмаған жылқыларымды, полицейлер бір күнге жеткізбей, кешке дейін тауып, қуантты. Аудандық полицейлердің кәсіби шеберліктеріне, қырағылықтарына айтар алғысым шексіз, – дейді тұрғын.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар, қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Үй жануарларыңыз жоғалып немесе ұрланса, тез арада полицияға хабарлаңыздар. Бұл қылмыстың «ізін суытпай ашуға» мүмкіндік береді.