Түркістан облысында ЖҚЕ бұзған жүргізуші жауапқа тартылды
Түркістан облысында той кортежінде қосымша жарықшамдарын орнатып, нөмірсіз жүрген жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау мақсатында рейдтік-профилактикалық жұмыстарды үздіксіз жүргізіп отырады. Осы бағытта жүргізілген кезекті патрульдеу кезінде Сайрам АПБ қызметкерлерінің назарына той кортежінде жол ережесін өрескел бұзып келе жатқан Toyota көлігі ілінді.
Нақтырақ айтсақ, Ақсукент ауылы Жібек жолы көшесінде аталмыш жүргізуші көлігіне қосымша жарықшамдарын, дыбыс сигналын орнатып, заңсыз қайта жабдықтаған. Тіпті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, қарсы қозғалыс жолағына өтіп, емін-еркін жүрген. Құқық бұзушылықты байқаған сайрамдық сақшылар бірден әрекет етіп, көлікті көшенің қақ ортасында тоқтатты. Ал көлік иесі Шымкент қаласының тұрғыны, жас жігіт болып шықты.
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 596-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және 603-бабы 1-бөлігі (Көлiк құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал көлігі айыптұраққа қойылды.
Сондай-ақ, айғақты зат ретінде көлік құралына заңсыз орнатылған жарық пен дыбыс сигналдарына арналған құрылғы тәркіленіп алынды. Жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.