Түркістан облысында ЖҚЕ бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды
Түркістан облысында Жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жол қозғалысы ережесін сақтау, жол апаттарының алдын алу мақсатында Ордабасы ауданында бірқатар ауқымды шаралар іске асырылуда. Мәселен, Түркістан облысы патрульдік полиция батальоны мен аудан полицейлері бірлесіп, Шымкент – Бадам – Арыс тас жолы бойында дрон кешенді жүйесі мен «КРИС П» жол жүрісін өлшеуіш құрылғысын пайдалана отырып, рейд жасады.
Нәтижесінде әуеге ұшырылған дрон жол ережесін өрескел бұзып, қарсы жолаққа шыққан төрт жүргізушіні анықтады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 2- бөлігімен (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) әкімшілік шара көрілді. Ал «КРИС П» көмегімен 33 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жүргізушілері тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атап айтсақ, ауыл көшелерінің бірінде ішімдік ішіп, автокөлік басқарған Нива көлік жүргізушісі анықталды. Жүргізуші осы теріс әрекеті үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) жауапқа тартылып, автокөлігі айыптұраққа қойылды.