Түркістан облысында жылдам қимылдайтын арнайы жасақта әлемдік деңгейдегі чемпион қыздар қызмет атқарады
Түркістан облысында жылдам қимылдайтын арнайы жасақта әлемдік деңгейдегі чемпион қыздар қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органындағы әйел десек, көз алдымызға әдемі форма киіп, жылы кабинетте отыратын қыз-келіншектер елестейді. Негізінде олай емес. Полицей қыздарымыздың арасында әлсізі жоқ. Солардың қатарында Перизат пен Айнұр да бар. Бүгінде қос аруымыз ТО ПД-ның Жылдам қимылдайтын арнайы жасағына қызметке орналасып, абыройлы еңбек етуде. Ең қауіпті, ең маңызды салалардың бірінде қаймықпастан қолдарына қару алып қызмет атқарып жүрген қыздар бала кезден полицей болуды армандаған.
Мәселен, Перизат Нұрланқызы өз сөзінде, бала кезден спортқа құмар бала болып өскенін жеткізді. Әкесі қызының шымыр, епті екенін байқап, оны үнемі үй жағдайында жаттықтырып отырған көрінеді.
Салауатты өмір салтын ұстанған қыз: – Мен 1991 жылы 27 тамызда Отырар ауданында дүниеге келдім. Мектепте спорттық жарыстарға қатысып жүрдім. 2008 жылы мектепті тәмамдап, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түстім. Кәсіби спортпен бірінші курстан бастап айналыстым. Жоғары оқу орнында жүріп, дзюдо күресінен жаттықтырушы болып жұмыс жасадым. Дзюдо, самбо, қазақ күресі, белбеу күрестерін қатар алып жүрдім. Ал, ішкі істер саласына келуімнің себебі, өзгелерді қорғауға шамам келеді, яғни физикалық тұрғыда дайын болып келдім десем де болады. Дзюдо, самбо, белбеу және қазақ күрестерінен Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Күрес түрлерінен Қазақстан Ұлттық Құрама мүшесімін. 2008 жылдан бастап дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы атандым. Көптеген Республикалық, Халықаралық жарыстардың жеңімпазы, 2012 жылы ОҚО ең үздік спортшысы атанғанмын. Дзюдо күресінен ҚР чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы, Самбо күресінен ҚР чемпионатының алты дүркін жеңімпазы атағын иелендім. 2009, 2010, 2011, 2012 жылдар аралығында Самбо күресінен өткен Азия Чемпионаттарында төрт дүркін чемпион болдым. 2009, 2010, 2011 жылдарда Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері атандым. Одан бөлек формаға қызығып, полицей болуды армандадым. Осы арманмен оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, барлық конкурстардан өтіп, қазіргі таңда Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта полиция лейтенанты шенімен қызмет атқарып жүрмін, – деп атап өтті.
Әрқашан жеңіс дәмін татып, көк туымызды көкке көтеретін Перизат 2012, 2013, 2014, 2015 жылдары өткен Әлем Кубогының бірнеше рет жүлдегері атанған. Қазақ күресінен ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы.
Осындай белестерден өткен палуан қыз, «ЕХРО-2017» кезінде ұйымдастырылған жарыстағы жеңісін өміріндегі ең маңызды сәттердің біріне балайды. Себебі 2017 жылы Астана қаласына өткен Әлем чемпионатында бар күш-жігерін салып, күрес тәсілдерін жоғары меңгергенін көрсетіп, жеңімпаз болған. Дәл осы жылы Түркіменстан елі, Ашхабад қаласында өткен Жабық кешеніндегі Азия ойындарының және аталған жарыста белбеу, алыш, түркмен күрестерінен жеңімпаз атанған. 2018-2019 жылдары Қазан қаласында өткен Әлем чемпионаттарында 2-орын иеленген. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем біріншілігінің жүлдегері,оған қоса белбеу күресінен ҚР чемпионатының алты дүркін чемпионы.
Ал, Айнұр Ақжігітова болса: – Мен 1996 жылы Түркістан қаласында туылғанмын. Сегіз жылдан бері спортпен шұғылданып келемін. Әкем менің спортқа құмар екенімді көргеннен кейін қолдау білдірді. Күнделікті жаттықтырды. Кейіннен кәсіби деңгейдегі алғашқы жаттықтырушым Нулифар Абилова болды. Одан бөлек, Әбсадық ағайдың да сабақтарын алдым. Осындай тәлімгер жаттықтырушыларымның арқасында биіктерді бағындырып, көк туымызды көкке көтеріп жүрмін. Қазіргі таңда Самбо күресінен спорт шеберімін. Халықаралық жарыстардың жүлдегерімін. Әйелдер арасындағы Самбо күресінен ҚР финалисімін. Самбо күресінен Азия чемпионатының жүлдегерімін. Ал, полицейлер қатарынан табылуымның бірден-бір себебі, бала кезден тәртіп сақтауға өз үлесімді қосуды армандағанмын. Қылмыскерлерді ұстап, тыныштықты сақтауда абыройлы еңбек ететініме сендім. Бала қиялым мені осы салаға әкелді. Міне, 2020 жылдың қараша айынан бастап жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерімін. Бұл менің өмірімдегі ең маңызды жетістігім десем де болады, – деп шынайы сезімін жеткізді.
Иә, бұл екі қыздың спорттағы марапаттары мен медальдарының санына жету қиын. Бір сөзбен айтқанда, бағы мен бабы келіскен палуандар, нағыз мықтылар қатарынан табылып дараланған жандар. Уақытпен санаспай қызметте жүретін қыздар, түрлі қиындықтарға қарамастан өз жұмыстарына сүйіспеншілікпен қарайды. Кейде ер азаматтарымыздың өзі шыдамай жататын салаға келу, олардың батыл екендіктерін дәлелдеп тұрғандай. Өз қызметтерінің ыстығына күйіп, суығына төзіп, темірдей тәртібіне көнуге бел шешкен қыздардың алар асулары әлі алда.
Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында спортшы, ел қорғандары, чемпион қыздарды мерекелерімен құттықтаймыз. Өздеріңдей талантты қыздармен мақтанатынымды жеткізіп, биік шыңдарды бағындыратындарыңа сенім білдіреміз!