Түркістан облысындағы көп балалы полицейлер отбасы
Түркістан облысында көп балалы полицейлер отбасы аз емес, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде «Отбасы күні» деп бекітілген болатын. Атаулы мереке әр отбасына қуаныш сыйлайтыны анық. Осы күн ата-ана үшін балаларының алдында жауапкершілікті сезініп, руханилықты баяндап, өнегелікті нығайту күні. Отан отбасынан бастау алады. Отбасымыздың іргесі берік, шаңырағы кең болу үшін әрбір жанұя мүшелері өз үлестерін еселеп қоса білуі керек. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Жас бүлдіршіндер отбасында көріп өскендерін келешекке үлгі етеді. Осы орайда әр ата-ана балапандарына тал бесіктен тәрбие, білім нәрімен сусындата білу қажет. Сондықтан әркім отының басын тіршілігінің тұтқасы санап аялайды. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған.
Ал «отбасылық құндылықтар мен көпбалалы болуды насихаттау – бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі» деп Елбасымыз атап көрсеткендей, Сайрам ауданының полиция басқармасында да көпбалалы отбасының ұйытқысы болып отырған қызметкерлер бар. Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Талғат Байдаулетов және жары Айгүл Өмірзақ алты баланы тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Санаторлық бөбекжайда директор қызметін атқаратын зайыбы бала тәрбиесін жауапты жұмысымен бірдей үлгеруде, балаларының тұңғышы Айдана Шымкенттегі АИУ-нің 3-курс студенті, ал кенжесі Дінмұхаммед сегіз жаста, сурет салғанды жақсы көреді, алайда өскенде әкесінің жолын қуып тәртіп сақшысы болуды армандайды.
Осындай көп балалы тағы бір отбасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Айдос Тілеу мен Айнұр Тілеу бес баланы мәпелеп отыр. Балабақшада тәрбиеші болып істейтін Айнұр Төреханқызы халқымыздың санын арттыруға әр отбасы өз үлесін қосуы маңызды деп санайды. Тұңғыштары Әсел 10-сынып оқушысы болса, үйдің әзірше еркесі Назерке екі жаста. №93 Абылайхан ат. орта мектептің 8-сыныбында оқитын ұлдары Айбек – бокстан жасөспірімдер арасында өткізілген көптеген жарыстардың жеңімпазы, отбасының мақтанышы.
Құқық қорғау органдарындағы жауапты қызметтерімен қатар отбасы тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, халқымыздың демографиясына салмақты үлес қосып отырған Байдаулетовтер мен Тілеулер отбасы құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері үшін үлгі болып табылады.
Осы атаулы күні баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, баянды бақыт және құт-береке тілейміз. Әрбір отбасының өркендеуімен еліміз нығая берсін!