Түркістан облысының бас полицейі жеке құрамның жаңа формасын тексерді
Түркістан облысының бас полицейі саптық байқауда жеке құрамның жаңа формасын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері тәртіп сақшыларының горнизондық сап түзеу байқауын ұйымдастырды. Бұл саптық байқауға ТО ПД-нің бастығы Мұрат Қабденов қатысты.
Шараның мақсаты – жеке құрам даярлығын қолдау, полицейлердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындықтарын тексеру.
Бұған қоса, сап түзеу барысында ТО ПД-нің қалалық, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің жеке құрамы сапқа тұрғызылып, жаңа үлгідегі форма таныстырылды.
Жаңаша дизайнмен тігілген киімдер полицейлердің қызмет атқаруының ерекшелігі мен жағдайына қарай топтастырылған. Әсіресе учаскелік полиция инспекторларының мәртебесі мен танымалдығын арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде, халықпен тығыз байланыста жүретін полицейлер үшін жаңа киімнің жеке желісі әзірленген. Жазуларына латынша қаріп қолданылған.
Облыстың бас полицейі саптық байқауда жеке құрамның киім үлгілері, қызметтік куәліктері мен басқа да керек-жарақтарын мұқият тексеріп шықты. Оған қоса, тәртіп сақшыларына кез келген уақытта халыққа жақын болып, ашықтықты қамтамасыз етіп, мінсіз қызмет үлгісін көрсету керектігін жеткізді.
– Елімізде құқық қорғау органының қызметкерлерінің беделін көтеріп, оларға барынша жағдай жасау үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның ішінде бүгін өздеріңіз киіп тұрған жаңа форма. Бұл біздің қызметке қолайлы және ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрінің бастамасымен жүзеге асып отыр. Шынында әрбір тәртіп сақшысының алаңсыз қызмет атқаруында сапалы киім үлгісі, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі аса маңызды. Ендеше іске сәт. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда, ел тыныштығын сақтауда шаршамай қызмет ете беріңіздер!, – деді облыстың бас полицейі Мұрат Талапұлы.