Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері 27 қару тәркіледі

“Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД әкімшілік полиция қызметкерлері заңсыз сақталған 27 қару мен 186 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты атыс қаруын қолданумен байланысты қылмыстарды ашу, алдын алу, жолын кесу, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды заңсыз сақтаумен, дайындаумен айналысатын адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, сондай-ақ қару, оқ-дәрілерді және басқа да құқық бұзушылықтарды заңсыз сақтау және сату деректерін анықтау болып табылады.

“Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысына сәйкес тәртіп сақшылары тіркелмеген 27 қару, оның ішінде 18 аңшылық мылтығы, бір травматикалық және бір газды тапанша алынды. Жеті аңшылық мылтығын тұрғындар ерікті түрде тапсырған.

Мысалы, Ордабасы ауданында “Қару” жедел-профилактикалық шарасы барысында полицейлер заңсыз айналымнан тіркелмеген үш аңшы мылтығын тәркіледі.

Сондай-ақ, Ордабасы АПБ әкімшілік полиция инспекторы Ратбек Жүзеевтің айтуынша, рейдтік іс-шаралар барысында 400-ден астам қару иесі тексеріліп, қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 16 әкімшілік хаттама толтырылды.

“Қару” іс-шарасы кезінде облыс бойынша полицейлер 4,5 мыңға жуық қару иелерін тексеріп, 186 әкімшілік құқық бұзушылықты анықталды. Оның ішінде 16-ы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы (қаруды заңсыз сақтау) және 170-і 484-бабы (қаруды сақтау ережелерін бұзу) бойынша тіркелді.

Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, осындай жедел-профилактикалық іс-шаралар өз жалғасын табады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру