Түркістан облысының полицейлері 3 бірдей тұрғынның малын жымқырған екеуді ұстады
Түркістан облысының полицейлері үш бірдей тұрғынның малын жымқырған екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ға үш бірдей жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Белгісіз азамат олардың әрқайсысының қораларына жасырын түрде кіріп, үш бас қойларын жымқырған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Орын алған қылмысты ашып, мал ұрыларын ұстау үшін тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына жетіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жақын аймақтарды аралап, көрген-білгендерден сұрастырды. Нәтижесінде ізін суытпай күдікті ретінде екі азаматты ұстады. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, бірі Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.Белгілі болғандай екі күдікті азамат алдын ала сөз байласып, оңай жолмен ақша табуды көздейді. Осылайша түнгі уақытта жәбірленушілердің қораларына жасырынып, кіріп, қойларын жымқырған. Оны күдіктінің бірінің басқаруындағы ВАЗ-2107 автокөлігіне салып, Түркістан қаласындағы қасапшылардың біріне әрқайсысын 30 мың теңгеге өткізген. Содан соң ақшаларын бөлісіп, бас пайдаларының қажеттілігіне жаратып жіберген.
Осы тұста Түркістан облысының полицейлері жайылымда қараусыз жүрген мал иелерін және құжатсыз тасымалдаумен айналысатын автокөліктерді анықтау жұмыстарын да назардан тыс қалдырмайтынын ескертеміз. Бұл бағыттағы жұмыстарға тек тәртіп сақшылары ғана емес, мал асыраумен айналысатын тұрғындар да өз үлесін қосса, ұрылардың арам пиғылын іске асыруға тосқауыл болар еді. Сондықтан төрт түлігімізге сақ болайық!