Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері бөтеннің малын заңсыз ұрлаған екеуді ұстады

Түркістан облысының полицейлері бөтеннің малын заңсыз ұрлаған екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Онда түнгі уақыттарда үй ауласында орналасқан қорасына белгісіз біреу заңсыз кіріп, төрт бас қойын ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеп, жедел іздестіру шараларына кірісті.

Мал ұрыларын ұстауға АПБ-нің жедел-тергеу тобы мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық жайылымдар мен аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырған. Соның нәтижесінде бір тұрғын түнгі уақыттарда күдікті автокөлікті байқағанын айтқан. Жергілікті учаскелік полицейлер осы бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс жасап, күдікті ретінде екі жас жігітті ұстады. Олар жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті екеу өзара ақылдасып, жәбірленуші ер азаматтың үйіне түнгі уақытта қорасының есігін бұзу арқылы енген. Содан соң төрт қойды алып шығып, өзінің басқаруындағы автокөлікке дейінгі аралықта сүйреген. Ұрланған уақ малдарды көрші ауылдағы танысына алып барып, 100 мың теңгеге сатып жіберген. Ал оңай жолмен келген ақшаны олар құмар ойындардың біріне салған. Сонымен қатар тергеу істерінің нәтижесінде күдіктілердің осы оқиғадан бір апта бұрын жәбірленушінің үш бас қойын ұрлағандықтары да анықталды. Өз кезегінде мал ұрлығының құрбаны болған тұрғын тәртіп сақшыларына алғысын айтты.

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына өз мүліктерін ұрылардан сақтауды және малын жайылымда қараусыз қалдырмауды ескертеді. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпастан тез арада полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласу керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру