Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пәтер ұрысы ұсталды

Түркістан облысының полицейлері тұрғынды алдап, пәтер ұрлығын жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Онда өзінің пәтеріне белгісіз азамат заңсыз кіріп, ақшасын және банк картасын ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңгеден астам. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.

Ұрлықты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден сұрастырды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде бір күн ішінде Төлеби АПБ-нің қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, сотқа жолданды. Күдікті қамауда.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті ер азамат жәбірленушіге қарыз болғаны анықталды. Оған тиесілі ақшаны қайтарып беремін деп, Шымкент қаласына алдап шақырған. Содан соң жәбірленушінің үйінен шыққанын тосып тұрған. Ол шығып кетісімен пәтеріне терезе арқылы кіріп, жатын бөлмесін ақтарған. 100 мың теңгені тауып, қасында тұрған банк картасын қоса алып кеткен. Сондай-ақ, банк картасының құпия саны жазылған ақ қағазын да тауып алып, одан 105 мың теңге ақша шешіп алған. Күдікті жас жігіт ұрланған ақшаларды бас пайдасының қажеттілігіне жаратып жіберген.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлігіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін, терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерді мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда, жедел түрде “102” телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет, бұл – полиция қызметкерлеріне қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру