Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқ-ғашықтарға қатысты қылмыстық іс қозғалуда

Түркістан облысының тергеушілері интернет-алаяқтығымен айналысқан “ғашықтардың” ісін прокуратураға жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда ең көп таралған, орын алатын қылмыстардың бірі – интернет алаяқтығы. Яғни компьютердің тілін жетік білген, түрлі бағдарламаны меңгерген жандар өздерінің айласын асырып, қарапайым халықты сан соқтыруда. Түркістан облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының қызметкерлері осы секілді қаншама алаяқтық қылмыстарының ара-жігін ажыратып, өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, күдіктілердің кінәсін дәлелдеуде. Мәселен, жақында ғана Кентау ҚПБ-нің қызметкерлері елді алдап, аттарынан онлайн-несие алып жүрген ғашықтарды ұстаған болатын.
Нақтырақ айтсақ, Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Қала тұрғынының айтуынша, оған ұялы телефон арқылы коллекторлар хабарласқан. Осылайша белгісіз тұлғалар ер адамның жеке деректерін пайдаланып, оның атынан 2020 жылдың ақпан айында онлайн-несие алған болып шықты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Полицейлер алаяқтардың жеке басын анықтау үшін барлық қажетті іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктілерді ұстады. Олар жас екі жергілікті тұрғын, жігіт және оның сүйіктісі болып шықты. Түркістан облысының тергеушілері жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізді.

Екі жылдан бері жас та болса абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Кентау ҚПБ тергеушісі Нұрбол Оразбекұлы осы қылмысты тергеуге бекітілген. Оның айтуынша:

– Алаяқтықтың ақиқатына көз жеткізу үшін мен, өзіме тапсырылған жауапты қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, жедел тергеу ісін бастадым. Бізге дәлелдемелер базасын мұқият жинап, бірнеше сараптама мен тергеу шараларын жүргізуге тура келді. Негізінде қылмыскерлердің көбісі істеген қылмыстарын мойындамайды. Ал, біздер қылмыстың ашылуы үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарымен тергеп, әрбір істі тиянақты зерттеп барып, істің соңғы нүктесін қоямыз. Осындай тындырымды тірліктің арқасында, алаяқтыққа күдікті ғашықтардың кінәсін толығымен дәлелдедік. Негізінде бұл жас қыз бен жігіт 2019 жылы танысып, табысқан. Жігіт бұрында ұрлық жасап, сотты болған екен. Тергеу барысында күдіктілердің алаяқтық қылмысының сегіз жайтына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгеге жуықтады. Күдіктілер қамауда. Сондай-ақ полиция бұл жұптан зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазіргі таңда қылмыстық іс жеделдетілген тәртіппен жүргізіліп, Кентау қаласы прокуратурасына жолданған, – деп атап өтті.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға кеңес береді. Ең бастысы, сіз, ешкімге банк шотыңыздың толық нөмірін, құпия сандарын бермеңіз, айтпаңыз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру