Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

1 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды

Түркістан облысының полицейлері бір жыл алдын орын алған тонау қылмысына қатысты күдіктіні ұстап, қылмысты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес АПБ-не 2019 жылдың қазан айында жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, кешкі сағат 20:30 шамасында оның үйіне белгісіз азамат заңсыз кіріп кетіп, үстел үстінде тұрған “ОРРО” маркалы ұялы телефонын ашық түрде алып, қарсылығына қарамастан дөрекілік танытып, яғни бөтеннің мүлкін иемденіп, қашып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Оқиға орнына Келес АПБ тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы жіберілді. Күдіктіні ұстау мақсатында, тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды мұқият аралап, куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Ашық түрде тұрғынды тонаған күдіктіге республика көлемінде іздеу жарияланды. Полицейлер барлық жерге бағытнама беріп қарқынды іс-шараларды атқарды. Осылайша күдіктінің жасырынып жүргені және осы күнге дейін тергеуге келмегені ескеріліп, Келес аудандық сотымен оған сырттай “күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы” тағайындалды.

Жылға жалғасқан жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Келес ауданының полиция қызметкерлері тонау қылмысына қатысы бар күдіктінің ізіне шықты. Сақшылардың қырағылы, кәсіби шеберлігі арқасында күдікке ілінген азамат Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелердің бірінен құрықталды. Ұсталған жас жігіт полиция бөліміне жеткізілді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай күдікті қылмыс жасайтын күні көше бойында мас халде келе жатып, өзгенің ашық тұрған қақпасы арқылы үйіне кірген. Тонау жолымен алынған ұялы телефонды 40 мың теңгеге сатып жіберіп, сол ақшамен Нұр-Сұлтан қаласына кеткен. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және өз мал-мүліктеріңізді, ұялы телефондарыңызды қараусыз қалдырмауды ұсынады. Егер сіз тонаудың немесе бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда дереу “102” телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру