Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында 3 жылдан бері қылмыс тіркелмеген ауыл бар

Түркістан облысында үш жылдан бері қылмыс тіркелмеген ауыл бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында қылмыс болмаған, мүлдем мәселесі жоқ ауыл бар десек, сенесіз бе? Ертегі емес, шынымен де дәл солай. Бұл Төлеби ауданындағы Жоғарғы Ақсу ауылдық округі. Халқының саны – 2642. 410 отбасы бар. Құрамына Мәдени, Сарқырама ауылдары кіреді. Тағы бір айта кетер жайт, үш жылдан бері мұнда бір де бір қылмыс тіркелмеген. Яғни заң бұзушылық болмаған.

Жоғарғы Ақсуды ауыл деуге болмас. Себебі тұрғындарға жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ұйқылары тыныш. Бұл тұрғыда осы ауылда бірнеше жылдар учаскелік полиция инспекторы болып абыройлы қызмет еткен, бейнетінің зейнетін көріп, жақында зейнеткерлік демалысқа шыққан полиция подполковнигі Жанасыл Нұрашевтың еңбегі зор. Бұл ауыл ақсақалдарының патриот полицейдің еңбегіне берген бағасы. Ауылдың қай тұрғынын әңгімеге тартсаңыз да, полицейдің еңбекқорлығын, істеген жұмысын тізбектей жөнеледі.

Тыныштық ұялаған ауылдың бетке ұстар қарттарының айтуынша, Жанасыл Нұрашев мектеп ұжымы, әкімшілік және ардагерлермен бірлесіп, нәтижелі жұмыстар атқарған. Күнделікті ауыл тұрғындарының жағдайларын біліп, үйді-үй аралап отырған. Тіпті, бұл ауылда учаскелік полицейдей елден алғыс алар азамат болсын деп немересіне Жанасыл есімін бергендер де бар.

Өзгелер үшін Үлгілі ауыл аталып кеткен ауылдық округтің жастары мен қарттары ерекше сыйластықта ғұмыр кешуде. Жас буын арасында тұрақты түрде салауатты өмір салтын қалыптастыру, өнерге баулу мақсатында спорттық-мәдени жарыстар өткізіліп отырады. Үлкендер жағы үнемі өмірлік ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жақсы жаққа тәрбиелеп келеді. Қадағалау мен бақылаудың арқасында сөзді ұғатын жастар, жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстайды. Мұнда ешкір құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Көріп отырғандарыңыздай, Жоғарғы Ақсулықтар елдегі қазіргі бақ-берекені учаскелік полицеймен байланыстырады. Ендеше, бақ қонған мекенде күні-түні кірпік ілместен қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа әрдайым биіктен көріңіздер, деп тілек білдіреміз!

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Айдана :

    Қандай керемет! Нағашымның ауылын мақтан тұтам !

Жауап қалдыру