Түркістан облысының полицейлері мүмкіндігі шектеулі тұрғынның үйіне көмір түсіріп берді
Түркістан облысының полицейлері мүмкіндігі шектеулі тұрғынның үйіне көмір түсіріп, азық-түлік апарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өзгеге қол ұшын беріп, көмектесу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Десек те, өздерінің қиын да қауіпті жұмыстарынан уақыт тауып, өзгелерге қуаныш сыйлауды полицейлер назардан тыс қалдырған емес. Тәртіп сақшылары қашанда көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай немесе азық-түлік апарып қолдау көрсетіп жатады. Осындай кезекті қайырымдылық шарасы Мақтаарал ауданында жалғасын тапты. Мақтаарал АПБ-нің жеке құрам қызметкерлері бірауыздан қаржыларын жинақтап, Ынталы ауылының тұрғыны Мади Мамировтың үйіне арнайы ат басын бұрды. Тәртіп сақшылары қыс ауасы екенін ескеріп, денсаулығына байланысты жұмыссыз отырған азаматтың үйіне екі тонна көмір мен күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктер апарып, қайырымдылық жасады.
ІІ-топ мүгедегі М.Мамыров пен оның ақ жаулықты анасы қайырымды полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.
– Бізден үнемі хабар алып, қажетті көмек беріп отыратын полицейлерге ризамыз. Бүгінгі істеріне де Алланың нұры жаусын. Балаларым, істерің алға бассын!, – деп тілегін жаудырып, ақ батасын берді.