Түркістан облысының полицейлері құдалыққа жиналған тұрғындарды тарқатты
Түркістан облысының полицейлері құдалыққа жиналған тұрғындарды тарқатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде, коронавирус індетімен ауырғандар саны күн санап өсуде. Осыған байланысты Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен карантин режимі күшейтіліп, бірқатар шектеу шаралары қарастырылды. Ал, полиция қызметкерлері мобильдік топпен бірге осы шектеулердің орындалуын қадағалап, тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыруда. Адамдар көп шоғырланатын орындар бақылауға алынып, ойын-сауық орындарының талапқа сай қызмет көрсетуі тексерілді.
Осындай кезекті профилактикалық-рейдтік шараларды жүргізу барысында, жергілікті тұрғынның карантинге қарамастан сағат 15:10 шамасында Мақтаарал ауданының Мырзакент кентінің көшелерінің бірінде орналасқан тойханада 80-нен астам адамды жинап, құдалық тойын өткізіп жатқандығы анықталды. Анықталған деректерге қатысты іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін СЭББ-ге жолданды.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.