Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның жоғалған асыл тұқымды жылқысын тауып берді

Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторлары тұрғынның жоғалған асыл тұқымды жылқысын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Сауран аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Ер адамның айтуынша, ол таңғы уақытта асыл тұқымды жылқысын Қарсақты елдімекеніндегі жайылымға апарып, қазыққа байлап кеткен. Содан түстен кейін жылқысын әкетуге барғанда, байлап кеткен жерінен таппай қалады. Біреу ұрлап кетті ме деп күдіктенген тұрғын бірден полицияға хабарласады. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгеге жуық.

Хабарламаны тіркеп алған тәртіп сақшылары тез арада сол аумаққа қарайтын учаскелік полиция инспекторыларына бағытнама берді. Тұрғынның із-түссіз жоғалған жылқысын табу мақсатында полиция қызметкері Асылхан Әбдіраймов пен Нұрдәулет Қиясов, сондай-ақ сақшы-сарбаз ішкі істер органының ардагері Сәбит Шотабековтер оқиға орнына жедел жетті. Айналаны түгел шолып шығып, куәлардан жауап алды. Күдік тудырған үй малын таситын автокөліктерді тексеріп, жедел-іздестіру шараларын атқарды.

Осылайша күні-түні 1 тәулік бойы жүргізілген тыңғылықты іс-шаралардың нәтижесінде жоғалған жылқы 45 шақырым қашықтықтағы Аша елдімекеніне қарасты жайылымда жүрген жерінен табылды. Осы тұста асыл тұқымды жылқысының аман-есен табылғанына риза болған тұрғын, полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

– Рақмет, кеше тайымды жоғалтып алып едім. Бүгін, міне учаскелік полиция инспекторлары тауып берді. Алла разы болсын! Аяқ асты қазығынан босап кетіп, алысқа шауып кеткен екен. Осы ретте күн-түн демей табылуына атсалысқан тәртіп сақшыларына алғысымды айтамын. Үлкен рақмет, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру