Түркістан облысының полицейлері заңсыз қару сақтаған тұрғынды анықтады
Түркістан облысының полицейлері заңсыз қару сақтаған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірі орталық көшелердің бірінде заңсыз қару ұстап жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Кентау қаласының тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер күдіктіден заң талаптарына сай келмейтін 16 калибрлі шолақ мылтық тәркіледі. Тәртіп сақшылары күдіктіні оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін ПБ-ға жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаруды сақтау және тіркеу ережелерін ұстанып жүру қажет екендігін ескертеді. Өз кезегінде, заңсыз сақталған атыс қаруларын ерікті түрде өткізген азаматтарға әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады.