Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Ақшаңды еселеп беремін”: Түркістан облысында 20 тұрғын алаяққа алданып қалды

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға 15 миллион теңгеге жуық шығын келтірген қызды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал АПБ-ға Жетісай ауданының тұрғыны арызданып келген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, “WhatsApp” әлеуметтік желісі арқылы белгісіз азаматша “ақша берсең, көбейтіп беремін” деп алдағанын көрсетті. Яғни күдікті салған ақшаң еселеп қайтарылатын болады деп сендіріп, 350 мың теңге ақша алған. Алайда арадан біршама уақыт өткенде телефонын көтермей, байланысқа шықпай қойған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын, бірден полицейлердің көмегіне жүгінді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынып, СДТБТ-ға енгізілді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауаптар алынды. Жәбірленушінің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Полиция қызметкерлері осы қылмыстың ашылып, күдіктінің ұсталуы бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізді. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті нәтижесінде, алаяқ әйелдің жергілікті тұрғын екені белгілі болды.

Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, бірден ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай күдікті қыз өзінің “WhatsApp” әлеуметтік желісі арқылы 20 тұрғынды алдаған. Олардың әрқайсысы өзге облыстың тұрғындары. Жәбірленушілердің барлығын осындай сылтаумен сеніміне кіргізіп, 15 мың-1,5 миллион теңге аралығында ақшаларын алған. Оңай жолмен тапқан ақшаның басым көпшілігін құмар ойындарына салып, ұтылып қалған. Ал қалған бөлігін бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 15 миллион теңгеге жуық.

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына таныс емес азаматтарға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Сондай-ақ жеке мәліметтерді, не болмаса ақшаны желі немесе мессенджерге сеніп, ешкімге жібермеуге кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру