Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері Жамбыл облысының тұрғынынан 60 келіге жуық марихуананы тәркіледі

Түркістан облысының полицейлері Жамбыл облысының тұрғынынан 60 келіге жуық марихуананы тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері “Қарасора” мен “Құқықтық тәртіп” іс-шарасы аясында есірткінің аса ірі көлемін тәркіледі. Яғни экипаждың командирі Нұрбол Асыралханмен бірге қос аға лейтенант Рауан Қалшораев пен Ержан Мыңбаевтар әдеттегідей өздеріне белгіленген аумақты патрульдеуге кіріседі. Олар өздерінің кезекті қызметін атқаруы барысында Алматы-Термез-Ташкент республикалық маңызы бар жолының 594 шақырымында жарықшамын жақпаған және жылдамдықты шектен тыс асырып келе жатқан “Мазда” автокөлігін байқайды. Көлікті тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында ол ашуға бой алдырып, қасындағы жолаушымен бірге қарсылық көрсете бастайды. Осыдан полицейлер болып жатқан жағдайға қарай автокөлікті және оның жүксалғышын тексереді.

Тексерілгені де дұрыс болған екен, себебі көліктің жүк салғышынан ішінде есірткіге ұқсас күмәнді заты бар алты бірдей полиэтилен қаптары анықталады. Полиция қызметкерлері тез арада қаптарды тәркілеп алып, сараптамаға жіберді. Оның қорытындысымен қаптың ішіндегі зат 60 келі марихуана болып шықты.

Осылайша полицейлердің қырағылығы мен жедел қимылының нәтижесінде есірткіні тасымалдамақ болған күдікті қылмысының жолы кесілді.

Бүгінгі таңда көліктің жолаушысы бұрын сотты болған Жамбыл облысының тұрғыны уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің екі бабы, 296-бап (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу), 297-бап (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тергеу амалдары басталып кетті.

Күдіктінің айтуы бойынша ол ірі көлемдегі есірткі партиясын Шымкент қаласына жеткізбек болған. Ал жүргізушінің осы іске қатысы бар-жоқтығы анықталуда.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері күдіктілер есірткінің ірі партиясын қандай мақсатпен тасымалдағанын, сондай-ақ біздің облысқа есірткі құралдарын жеткізу арналарын анықтауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру