Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Халықаралық қарттар күнімен» ардагер полицейлерді құттықтады
Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Халықаралық қарттар күнімен» ардагер полицейлерді құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтің бастамасымен және де Облыстық ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев «Қарттар күнімен» барша ішкі істер органының зейнеткерлерін құттықтады. Сонымен қатар болашақ полицейлермен бірге мерекеге орай ішкі істер саласында қызмет етіп, құрметті зейнеткерлік демалысына шыққан ардагерлердің үйіне арнайы барып, мейрамдарымен құттықтап, азық-түліктер жеткізді.
Осындай беделді ардагерлеріміздің бірі Шаймерден Айтпанбетов 1937 жылы 14 желтоқсанда дүниеге келген. Өмір жолын 1964-1966 жылдары Алматы қаласындағы М.Есболатов атындағы академиясында жалғастырып, білікті маман атанған. Шаймерден атамыз зейнеткерлікке майор шенімен шыққан. Одан соң ішкі істер органындағы еңбегі еленіп Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің «Құрметті Ардагері» орденімен марапатталған. Сонымен қатар ардагер полицей шығармашылықтан да кемде емес. Ол бұрын полиция қызметкері болмай тұрып 23 жасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. Бүгінде 20-ға жуық кітаптар жазған. «Ғибрат», «Іштен шыққан жан айқай», «Арға түскен қара дақ, жанға жара» атты еңбектері жарық көрген. Қазіргі таңда 83 жастағы атамыз екі ұл, алты қыз, 37 немере, 14 шөбере тәрбиелеп отырған шаңырақ иесі.
Осындай мақсатта полиция қызметкерлері ардақты ардагердің бірі Масадыков Сайдулла атаның үйіне де арнайы барып қайтты. Сайдулла ардагер 1934 жылы ақпанның 20-сы күні дүниеге келген. Еліне адал еңбек етіп, өмір жолын халықтың тыныштығын қорғауға арнаған. Өз ортасында беделді азаматтардың бірі болған атамыз зейнеткерлікке 1991 жылы старшина шенімен шыққан. Бүгінгі күні атамыз екі ұл, үш қыз, сегіз немере, алты шөбере тәрбиелеп отыр. «Әкеге қарап ұл өсер» – дегендей ардақты әкенің жолын қуып, ұлының осы қиын да қауіпті бағытта қызметін жалғастырған.
Өз кезегінде ардагер аталарымыз Түркістан облысы полиция қызметкерлеріне және болашақ полицейлерге өз алғыстарын жаудырды.
– Бізді елеп, ескеріп, мейрамда құттықтап келгендеріңе, өз сый-сыяпаттарыңды ала келгендеріңе алғысымыз шексіз. Болашақ тәртіп сақшыларына біздің жолымызды берсін. Жұмыстарыңа сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Отбасыларыңда әрқашан қуаныш болып, елімізде өз ісіне адал сарбаздар көбейе берсін, – деп ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.