Түркістан обылысында сотталғандар тегін медициналық көмек алады
Түркістан обылысында сотталғандар тегін медициналық көмек алады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан обылысында Сауран ауданының ашылғанына да көп болған жоқ. Бұрын бұл ауданның тұрғындары Кентау қалалық емханаға қаралатын. Ал қазіргі таңда жаңа емхана қолданысқа берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес пробация есебінде тұрған сотталғандарға әлеуметтік-медициналық көмек беру шарасы бойынша кезектен тыс жиналыс өтті.
Негізінен Сауран ауданының пробация қызметінде 48 сотталған тіркеуде тұр. Олардың 43-і аудандық емхана дәрігерлеріне қаралды. Себебі олар әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар санатына жатады.
Шара барысында пробация қызметінде тіркеуде тұрған сотталғандардың жылына бір рет тегін тексерілуден өтіп тұруы жайында талқылады. Аталған шараға Сауран аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Ақмарал Торланова, пробация қызметкерлері және аудандық емхананың бас дәрігері Бекзат Берденов қатысты.
– Біздің мақсатымыз – жаңадан құрылған ауданның пробациялық бақылауына алынған сотталғандарды жылына бір рет тегін тексеруден өткізіп, олардың әлеуметтік көмек алуына көмектесу. Сонымен қатар, жұмыссыз жүрген сотталғандарды аудандық Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмысқа орналастырып, отбасын асырауына мүмкіндік беру. Алдағы уақытта Сауран ауданының пробация қызметінде тіркеуде тұрған сотталған өздеріне қажетті көмекті түгелдей ауданнан алатын болады. Пробация қызметкерлері оларды тиісті мекемеге апарып, тіркеуге қоюда. Сондай-ақ, олардың үйлеріне жеке-жеке барып, отбасылық жағдайымен танысып қайттық. Келешекте көптеген шаралар ұйымдастыруды қолға алып отырмыз, – деді Сауран аудандық пробация қызметінің бастығы Ақмарал Торланова.
Аудандық пробация қызметінің бақылауына алынған сотталғандарды бір күнде барлық мекемеге тіркеу мүмкін емес екені анық. Осындай Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған көмекті пробациялық инспекторлар да жеке-жеке түсіндіріп өтті.
– Сауран ауданының ашылғанына қуаныштымыз. Себебі емханаға я болмаса Жұмыспен қамту орталығына бару үшін бұрын Түркістанға баратынбыз, кейін Кентау қаласына ауыстырып жіберді. Ұзын-сонар кезектің салдарынан бір күнде жұмысымыз бітпей де қалатын. Біз бүгін инспекторлардың көмегінің арқасында емханаға, Жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұрдым. Өзімнің жасаған қателігім үшін өкінемін. Жақсы жұмысқа тұрып, отбасыма жәрдем беруге бел будым. Менің түзелу жолына түсуіме үлкен мүмкіндік берген Сауран аудандық пробация қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді сотталған.