Түркістан полицейлері бірнеше рет алаяқтық жасаған күдікті әйелді ұстады
Түркістан полицейлері бірнеше рет алаяқтық жасаған күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау калалық ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бұрын соңды таныс емес әйел мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие шығарып беремін деп сендіріп, 300 мың теңгесін қолма-қол алған. Ал қазіргі таңда күдікті әйелдің не ақшасын қайтармай, не уәдесін орындамай жүргенін айтып, шағымданды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Осыдан соң тәртіп сақшылары күдіктіні табуға бағытталған жұмыстардың барлығын атқарды. Осылайша полиция қызметкерлерінің атқарған жедел шараларының нәтижесінде, небары тәулік ішінде алаяқтық жайтына қатысы бар жергілікті тұрғын ұсталды. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай күдікті оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осындай мақсатпен бұдан бөлек тағы екі тұрғынға несие алып беремін деп алдап, 200 мың теңге ақшаларын алған. Содан соң күдікті әйел хабарсыз кеткен. Облыс полицейлері ескертеді, сіз ешкімге жеке басыңызға қатысты мәліметті беруге немесе айтуға міндетті емессіз! Әрбір мәселені заңсыз жолмен емес, тек заң шеңберінде шешуге дағдыланыңыз!