Түркістан полицейлері Шымкентте синтетикалық есірткіні сатқан әйелді ұстады
Түркістан полицейлері Шымкентте аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткіні сатқан орта жастағы әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлер Ұлттық ұланның арнайы жасағымен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен күдікті әйелді ұстады.
Ұсталған әйелдің жатын бөлмесіндегі кереуеттің астынан ішінде ұнтақ заты бар орамалар тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген заттың «синтетикалық есірткі» екені расталды. Күдікті әйел бірден қамауға алынды.
Қазіргі уақытта орта жастағы әйелге қатысты екі бірдей баппен, яғни ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын және Түркістан облысына есірткі құралдарын жеткізу арналарын анықтайтын болады.
Сонымен қатар полицейлер “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Түркістан қаласына кіре берісте Toyota автокөлігін тоқтатты. Тінту кезінде жедел уәкілдер Түркістан қаласының тұрғыны, яғни жолаушыдан «синтетикалық есірткіге» ұқсас ораманы тапты. Алынған орама сараптамаға жіберіліп, оның қорытындысына сәйкес, «синтетикалық есірткі» болып шықты.
Айта кету керек, жас жігіт ұсталған уақытта есірткілік масаң күйде болған.
Жас жігітке қатысты ҚК-нің 296-бабы бойынша СДТБТ-ға (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.