Түркістандықтың көлігін заңсыз айдап кетіп, өртеп жіберген екеу анықталды
Түркістандықтың көлігін заңсыз айдап кетіп, өртеп жіберген екеу анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адам өз арызында белгісіз азамат үйінің ауласында тұрған ВАЗ-21060 автокөлігін заңсыз айдап кеткені бойынша шағымданған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі – 800 мың теңге.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.
Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде, арада небары екі күн өткенде полицейлер жәбірленушінің көлігін заңсыз иемденіп кеткен азаматтарды анықтады.
Осылайша отырарлық сақшылар күдікті ретінде бұрын сотты болған Түркістан қаласының екі жас тұрғынын құрықтады. Оларды бірден ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда күдікті азаматтар қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдіктілер аталған қылмысты жасамас бұрын өзара ақылдасып, арнайы жоспар құрған. Содан соң оңай жолмен ақша табуды көздеп, Отырар ауданына қарай бет алған. Жеткеннен соң олар күн көзінің батқанын күтіп, жәбірленушінің ауласында тұрған автокөлікті байқатпастан ұрлап кеткен. Қолды болған көлікті Түркістан қаласына дейін айдап келіп, жарамды бөлшектерін сатып жіберген. Ал қалғанын өртеген.