Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан қаласы көшелерінде заңсыз қойылған жол кедергілері алынып тасталды

Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік Полиция басқармасы Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері және Түркістан қалалық жергілікті атқарушы органның өкілдерінен құрылған комиссия толық құраммен рейдке шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер қала көшелерінде тұрғындар өз бетінше заңсыз орнатқан, көлік қозғалысына кері әсерін тигізетін жасанды жол кедергілеріне тексерулер жүргізді. Нәтижесінде Амангелді көшесінде бір жасанды кедергі және Ортақ көшесіндегі төрт жасанды жол кедергілері анықталып, олар жолдарға жауапты мекемелердің қызметкерлерімен алынып тасталды.

Осыған орай, ТО ПД ӘПБ Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлібек Мамбеталиев тұрғындарды бұндай заңсыздықтарға жол бермеуге шақырды.

– Рұқсатсыз, арнайы жол белгілерінсіз, сапасыз материалдардан жасалған жасанды жол кедергілері салдарынан апатты жағдайлар орын алуы мүмкін.
Сол себептен өз бетінше жасанды жол кедергілерін орнатқан азаматтарға ҚР-ның ӘҚБтК-нің 630-бабы (Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа құрылыстарын бүлдіру) бойынша іс қозғалып, жауапқа тартылатынын ескертемін. Негізінен жасанды жол белгілері балалар көп жүретін мектептер мен балабақшалар жанына орнатылады. Яғни, полиция басқармасының жол техникалық қадағалаушысы қауіпті және жасанды жол кедергісі қажет деп таныған жерлерге ғана, – деп атап өтті.

Алдағы уақытта осындай жасанды жол кедергілерін алу бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты жалғасатын болады. Сондықтан, заңсыздыққа жол бермеңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру