Түркістанда келіннің атын жамылып, алаяқтық жолмен есепшотына ақша аудартып алған ер адам анықталды
Түркістанда келіннің атын жамылып, алаяқтық жолмен есепшотына ақша аудартып алған ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданып, белгісіз біреудің өзіне алаяқтық тәсілмен есепшотына 100 мың теңге ақша салдырып алғанын хабарлаған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Түлкібастық тәжірибелі полицейлерден қылмысты дер кезінде ашып, алаяқты ұстауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары атқарылды. Полицейлер бұл қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстауға барын салды. Қажетті тексеру жұмыстарының нәтижесінде ақша аударылған есепшот анықталды. Ол Қазығұрт ауданының тұрғыны болып шықты. Күдікті ер адам аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Анықталғандай, ұсталған адам WhatsApp желісі арқылы жәбірленуші әйелге келінінің атын жамыла отырып хабарлама жазып, ақша қажет екенін айтқан. Жәбірленуші алаяқтың сөзіне сеніп 100 мың теңге салып жіберген. Қазіргі уақытта күдікті деп танылған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.