Түркістанда көлік жүргізушісі тәртіп сақшысына пара бермек болды
Түркістанда тәртіп сақшысына пара бермек болған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекті жұмыс күнінде Жетісай ауданы ПБ-ның кезекші бөліміне ЖПҚ ППР қызмет инспекторы Мұстафа Тұрлыбеков, Жетісай қаласының М.Әуезов пен Махамбет көшелері қиылысына жедел тергеу тобының тез арада жетуін сұраған.
Анықталғандай, тәулік бойы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау, қауіпсіздік ережесін сақтау мақсатында жұмыс жүргізу кезінде полицейлер, терезесінің екі бүйірі күңгірттелген «TOYOTA Сamry 55» маркалы автокөлікті байқап, тоқтатқан. Тоқтату барысында жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпай отырғаны белгілі болды. Орын алған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттама толтыру кезінде жүргізуші тәртіп сақшысына ақша бермек болған. Яғни өзінің құқық бұзған әрекеті үшін полицейлер тарапынан жауапкершілікке тартылмауды мақсат тұтып, полиция қызметкеріне пара ұсынған. Қазіргі уақытта тәртіп сақшысына пара бермек болған жүргізушіге қатысты ҚК 367-бабы 1-бөлігі (Пара беру) құқық бұзушылығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал жол қозғалысы ережесін бұзып, көлігін күңгірттеп, қауіпсіздік белдігін тақпағаны және көлігінің мемлекеттік нөміріне қосымша нөмірлер жазып алғаны үшін осы жүргізушіге қосымша ҚР ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігі және 593-бабының 2-бөлігімен хаттама толтырылды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.