Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда Тәуелсіздікпен құрдас 126 сақшы қызмет етеді

Түркістанда Тәуелсіздікпен құрдас 126 сақшы қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 29 жыл. Осы жыл аралығында елімізде елеулі өзгерістер орын алды. Экономикамыз өркендеп, мемлекетіміз алға дамып келеді. Сан түрлі зәулім ғимараттар саны артып, облыстар мен қалалар көркеюде. Бұл ретте барлық сала өз жетістігімен мақтанатындай дәрежеге жетті деп те айта аламыз. Оның ішінде Қазақстан полициясы, яғни тәртіп сақшылар ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға аянбай еңбек етумен келеді. Қаншама сақшы ерлік істерімен көзге түсіп, ел алдында марапатталды. Бұл өз кезегінде Тәуелсіз еліміздің тәртіп сақшыларының елмен бірге жоғарыға қарай ұмтылып, өсіп келе жатқандығын көрсетеді.
Оның ішінде тарихи қала Түркістанның өз алдына облыс болып, орталық атануы да бір төбе. Оңтүстік Қазақстан Ішкі істер департаментінің Түркістан облысы Полиция департаменті деп өзгеруі, өңірдегі салалардың қарыштап өсуі, жалпы алғанда жаңашылдыққа бет бұруымыз айқын байқалады.

Ал Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Біз Тәуелсіздіктің қастерлі 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан мен келесі жылды “Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым”, – деп шегелеп айтты. Яғни келесі жылы баршамыз тәуелсіздіктің қастерлі 30 жасын мақтанышпен атап өтетін боламыз. Бұл ретте егемендігімізбен бірге есейіп келе жатқан 1991 жылы туған азаматтарды да ерекше атап, мерекелерімен құттықтауға болады.

Мәселен Түркістан облысы Полиция департаментінде Тәуелсіздікпен түйдей құрдас 126 полиция қызметкері еңбек етіп келеді. Олардың ішінде лауазымы ең жоғарысы Арыс АПБ Криминалды полиция бөлімшесінің бастығы. Ал олардың шендері бойынша саралап айтар болсақ, полиция майоры – 17, полиция капитаны – 47, аға лейтенант – 27, лейтенант – 10, старшина – бес, аға сержант – 14, сержант – төрт , кіші сержант – екі. Десек те түркістандық полицейлер үшін бастысы шен алып, жоғарылау емес, иықтағы шенге лайық болып, жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқару!

Түркістан облысы Полиция департаментінің 1991 жылы дүниеге келген тәртіп сақшылары еліміздің барша азаматтарын айтулы мереке Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтайды.

– Мереке құтты болсын, еліміз аман, көк туымыз көкте желбірей берсін! Біз Отан үшін адал қызмет етуге әрқашан дайынбыз!, -дейді ел егемендігімен құрдас, өз қызметтеріне адал бір топ тәртіп сақшылары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру