Беташар жасағандар жауапқа тартылып жатыр
Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзған екі тойдың иесі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екеуі де Мақтаарал ауданынан шықты. Олар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың енгізген төтенше жағдай режиміне немқұрайлы қарап, жұрттың басын қосып, той өткізген.
Мақтаарал ауданының полицейлері екі тойдың да иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттама толтырды. Құжаттар аудандық сотқа жолданды.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын дәл осы ауданда беташар тойын ұйымдастырған тұрғын анықталып, оған қатысты шара көрілген болатын.
Түркістан облысының полицейлері еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тойларды жиыстырып, денсаулыққа аса мән беру керектігін ескертеді. Медицина мамандарының айтуынша, әлемді шарлап бара жатқан вирус адамдар көп шоғырланған жерде тарауы ықтимал. Сондықтан той жиын ұйымдастырудан және оған барудан бас тартып, неғұрлым үйде сақтық шараларын ұстанған жөн.