Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ел аумағында елді мекендерді су басу қаупі жоқ

Бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде көктемгі су тасқынына қатысты брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Спикер болып сөз алған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В. Ильин 24 наурызға дейін Қазақстан аумағында елді мекендерді су басатындай жағдай тіркелген жоқ деп мәлімдеді.

16 наурыздан бері қарай жергілікті және республикалық маңызы бар 5 автожолды су алған. (Ақмолада – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 3).

Ауа райының жылынуына байланысты Ақтөбе (Елек, Ойыл, Ембі, Үлкен Қобда, Қарғалы, Қосестек), Ақмола (Есіл), Батыс Қазақстан (Жайық, Шаған, Елек, Шыңғырлау, Куперанқаты, Өлеңті, Шідерті, Быковка, Деркөл, Чижа-1, Чижа-2) және Павлодар (Ертіс) облысының өзендерінде мұз әлсірей бастады. Басқа өзендерде ондай құбылыс 30 наурыздан 5 сәуірге дейін қайталануы мүмкін.

Өзендердің кептелуін болдырмау мақсатында мұз қопсыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы республика бойынша өзендерде 14 тонна жарылғыш заттарды қолдана отырып, 123 мұз жару жұмыстары жүзеге асырылды (Шығыс Қазақстан – 11, Қарағанды – 6, Қостанай-13, Солтүстік Қазақстан – 6 және Ақмола -87 облыстары).

11 мың шақырым арықтарды және арналарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

15 мың текше метр қар шығарылды.

Автомобиль жолдарында 25 мың және теміржолдарда – 5 мың су өткізу құрылыстары тазартылды.

Ақмола (Астана, Сілеті және Шағалалы су қоймаларында), Қарағанды (Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра су қоймаларында), Солтүстік Қазақстан (Сергеевское және Петропавл су торабы) облыстарындағы су қоймаларында қажетті бос көлемдерді құру жұмыстары жалғасады.

Нұр-Сұлтан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында су тасқыны жағдайын анықтау мақсатында аэровизуалды және жерүсті зерттеулер жүргізіледі.

Еліміздің өңірлерінде 165,3 шақырым қорғау бөгеттерін салу және жөндеу, 417,2 шақырым су тасқыны қаупі бар өзендердің жағаларын бекіту, түбін тереңдету, түзету, 186,7шақырым су бұру арналарын орнату бойынша су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр.

Су тасқынының алдын алу және олардың салдарын жою үшін 14 мың тонна жанар-жағармай, 190 мың тонна инертті материалдар, бір миллионнан астам қап және 51тонна көлемінде жарылғыш заттар қоры дайындалды.

Халықты оқыту және ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде, елді мекендерде рейдтер (2276), халықпен жиындар (1983) өткізіледі, оның барысында су тасқыны кезіндегі жүріс-тұрыс қағидалары жазылған жадынамалар таратылады.

Ішкі істер министрлігінде жалпы саны жеке құрамнан 9 мың адам және 1,5 мыңнан астам бірлік техникадан тұратын арнайы күштер мен құралдар тобы құрылды.

Су тасқыны жағдайы ықтимал күрделенген кезге басқа өңірлердің  қосымша жеке құрамнан 2 044 адам, 214 бірлік техника, 30 жүзу құралы және 86 мотопомпа күштері мен құралдары жедел ден қою үшін әзірлікте тұр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру