Түркістандық полицейлер 30-дан астам қой ұрлаған үш ауылдасты ұстады
Түркістандық полицейлер 30-дан астам қой ұрлаған үш ауылдасты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның егістік алқапта жайылып жүрген отар қойының арасынан 33 бас қойын белгісіз біреулер жымқырып кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды.
Қылмысты ашып, мал ұрыларын анықтау үшін полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары куәлардан жауап алып, мал алып-сатарлармен тілдесті. Осы бағытта тыңғылықты жүргізілген іздестіру шаралары барысында күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар жергілікті тұрғын, ауылдас 3 жас жігіт болып шықты.
Анықталғандай, күдікті үшеу егістікте жайылып жүрген қойларға көздері түсіп, өздерінің ГАЗель жүк көліктерімен артып алып кетіп отырған. Кейін бөтеннің малын сатып жіберген.
Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті үшеу қамауға алынды. Олардан ұрланған малдың бір бөлігі тәркіленді.