Түркістандық полицейлер мереке қарсаңында ерекше балаларды қуантты
Түркістандық полицейлер мереке қарсаңында ерекше балаларды қуантты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласының тәртіп сақшылары 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында әдеттегідей айрықша шара ұйымдастырды. Өздері үнемі барып, қал-жағдайларын біліп отыратын Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі сүйікті кішкентай достарына арнайы барып, ерекше балаларды қуанышқа бөлеп қайтты. Яғни, осында ем-дом қабылдайтын 33 балаға тосынсый жасап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әрбір балаға арнайы ойыншықтар алып, жеміс-жидекке толы себет жасап, қамкөңіл балақайларға тарту-таралғыларын таратты. Оған қоса, өнерге жақын тәртіп сақшылары балалардың көңілін көтеру үшін ән шырқап, би билеп, кішігірім концерттік бағдарламаларын ұсынды. Кішкентайлар да келген қонақтарға өздерінің өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ оңалту орталығының директоры С.Серикбаев балаларды елеп-ескеріп келген полицейлерге ризашылығын жеткізіп, Алғыс хат табыстады.
Өз кезегінде полицейлер балалардың оңалып, өмірге бейімделіп кетуі жолында қызмет атқарып жүрген осы мекеменің медбике, тәрбиеші, психолог т.б мамандарына алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ тәртіп сақшылары балалар үшін қауырт жұмыстарынан уақыт тауып, тұрақты келіп тұратындарын жеткізді.