Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер оқушыларға құқықтық дәріс өткізді

Түркістандық полицейлер оқушыларға құқықтық дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Бүгін – Білім күні. Яғни, еліміздегі барлық мектептер есіктерін айқара ашты. Оқу орнының табалдырығын енді аттаған жеткіншектен бастап, бітіруші түлектерге дейін жүздеріне қуаныш ұялап, ұстаздарымен қауышуда. Ал облыстың тәртіп сақшылары күздің алғашқы мерекесі қарсаңында өңірдегі барлық мектептерге барып, оқушыларды, мектеп ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар ПД бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің басшылығы, жеке құрамы таңғы сағат 07:00-ден бастап, қызметте тұр.

Полицейлер сабақ өтіп, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков облыс орталығындағы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларына слайдтар, көрнекіліктерді пайдалана отырып, арнайы дәріс өтті.

Лекцияда қылмыстық жауаптылықтың, есірткі қылмысының алдын алу, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып қалмау және өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгінуге болатыны түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Яғни, оқушыларға құқықтарын қорғау үшін енгізілген өзгерістер, қылмыстық жауаптылық басталатын жас мөлшері, есірткі заттарын тұтынудың денсаулыққа тигізетін зияны жайында кеңінен айтылды.


Дәл осындай лекция №17 Ататүрік атындағы мектепте де ұйымдастырылды. Онда Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов дәріс өтіп, қылмыстың алдын алу, болдырмау, жақсы әдеттерді бойына сіңіру, жаманнан жирену секілді мән-маңызы зор әңгіме өрбітті. Жасөспірімдермен тілдесіп, ашық сұқбат өткізді. Оқушылар да, мектеп мұғалімдері де полицейлердің жұмысын жоғары бағалап, әрбір ақыл-кеңесі, құқықтық білімі үшін алғысын жаудырды.

– Білім күні мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Оқушылар, біз Полиция департаментінен арнайы келіп тұрмыз. ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов барлық орта білім беру мекемелерінде Жалпы құқықтық білім беру сабағын өткізуді тапсырған болатын. Сондықтан сіздер үшін, сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін білгенімізді үйретіп, заңды түсіндірудеміз. Айтарым, жаман әдеттерден аулақ болыңдар, есірткі қылмысына жол бермеңдер. Қылмыстың өтеуі – жаза! Қылмыссыз қоғам құруда, сіздердің де үлестеріңіз мол! Біз сіздерге сенеміз, – деп атап өтті Асылжан Қалдарбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру